Өлеңдері

Ахмет Байтұрсынов мұрасының көлемді де көркем саласыоның өлеңдері мен мысалдары. Жасынан зеректік танытып, көркем сөздің қасиетін танып өскен олхалық поэзиясын, өзінің алдындағы Абай мен Ыбырай өлеңдерін ерте бастан-ақ оқиды. Өмір құбылыстарын тану, айналадағы ортаны сезіну, оны өлең тілімен өрнектеу машығын ең алғаш солардан алады.

Ахметтің өлеңдері мен аударма мысалдары негізінен 1909 жылы жарық көрген "Қырық мысал" және 1911 жылы шыққан "Маса" жинақтарында жарияланды. Ақын поэзиясының басты бағытыағартушылық, яғни халықты ояту, білім беру, мәдениетті өмірге шақыру болды. "Маса" жинағына енген өлеңдер, негізінен, осы идеяға құрылды. Жинақтың осылай аталуының өзінде үлкен мән бар. Ақын өз сөзінің масаның ызыңындай болса да халықтың құлағына жетуін көздейді.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса, — деп үміттенеді. Мұндағы маса сергектік пен оянуды, қозғалыс, серпілісті бейнелейтін ұғым. Ол "үстінде ұйықтағанның айнала ұшып" ызыңдайды, қоғамның, адамдардың енжар күйден арыльш, серпілуіне қызмет етеді.

"Маса" жинағының негізгі идеясы халықты рухани жаңғыруға шақыру болды. Ахметтің ойлары Абай мен Ыбырай, Шоқандардың ағартушылық бағытымен үндесіп жатты. Жинақтағы көп өлеңдерінде ақын осынау ұлы ағартушылардың дәстүрін ілгері жалғастырды.

Бірқатар өлеңдерінде Ахмет Байтұрсынов өзін қоршаған ортаға, қоғам тіршілігіне, адамдарға ойлы көзбен сьнай қарайды. "Қазақ қалпы", "Қазақ салты", "Жиған-терген", "Досыма хат", "Тілек батам", "Бақ" сияқты өлеңдері осы тәрізді тарихи, әлеуметтік шындықтың бетін ашады. Қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктерге немқұрайды қарай алмайды.

Ахмет айналасындағы әлеуметтік теңсіздікті, күштінің әлсізге жасаған зорлығын, патша өкіметінің отаршыл озбыр саясатының салқынын ерте сезінді. Он үш жасында әкесі Байтұрсынмен бірге Ахмет те түрмеге қамалады. Осынау қапастан жазылған хат іспетті "Анама" деп аталатын өлеңінде Ахмет сол тұстағы өзінің көңіл күйі, сезім, танымы туралы нақты баяндайды.

Өлеңде патшаның итаршысы секілді уезд бастығы Яковлевті соққыға жыққан Байтұрсын мен ағайындары, оның ішінде он үш жасар Ахмет те бар, Семейдің түрмесіне қамалған сәт бейнеленеді. Ақын болған оқиғаны емес, сол күндердегі бала көңілінің жай-күйін жеткізуге тырысады. Жазықсыз жалалы болып, дәрменсіз күйге түскен жанның анасына деген жан сыры бар өлеңде.

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,

Өкімет өр, зорлыққа не бар шараң, — деп, өздерінің жазықсыз екенін, патша өкіметінің әділетсіз әрекетін баяндайды. Бала жүрегі осы бір қиянатты өзіне тиген оқ тәрізді қабылдайды.

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Әйтсе де бала Ахмет бұл қиянатқа жасымайды. Анасын өзі үшін уайым жемеуге шақырады. Өзінің алдағы өмірге деген құштарлығын жеткізеді.

Адамнан туып, адам ісін етпей,

Ұялмай не бетіммен көрге барам?— деген жолдарда Ахметтің азаматтық бағдары, қайсар жігері жарқырап көрінеді. "Анама" өлеңі қиындыққа тап болған он үш жасар баланың анасына егіле жазған хаты емес, керісінше, үмітке, оптимизмге толы қуатты шығарма больш шыққан.

Тайпалған талай жорға, талай тұлпар         

Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.                

Солардан жаным, тәнім ардақты емес,           

Орынсыз күйзелейін мен несіне! — деп аяқталатын бұл өлеңде сол заманның ішкі ахуалы да, патша саясатының сипаты да, қазақ елінің жай-күйі де, "елім" деп еңіреген ерлердің көңіл ауаны да ерекше көрінеді.

Өз заманының шынайы қалпын дәл бейнелейтін шығармалар қатарында ақынның "Қазақ қалпы", "Қазақ салты", "Досыма хат", т.б. өлеңдерін атауға болады. Оларда қазақ жұртының мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігіндегі кемшіліктер өткір сыналады. Ақын сынының негізгі нысанасы — патша өкіметінің сұрқия саясатына сергек қараудың орнына, өзара айтыс-тартыстан арылмаған алауыздар, абыройын ақшаға айырбастап, халқын сатқан қу мен сұм, мал мен байлықтың құлына айналған ашқарақтар мен жемқорлар. Соларды көре тұрып ақын әсіресе адамшылықтың азайып бара жатқанына күйзеледі.

Атап айтқанда, "Қазақ қалпы" деп аталатын өлеңінде ақын туған халқын ашық теңізде ескексіз қайық мініп қалтылдаған, жел соқса тағдырдың қандай тәлкегіне ұшырары белгісіз дәрменсіз жандарға теңейді. Мұндай жағдайға тап болуының себебін іздейді. Сөйтсе, оның төркіні әріде жатыр екен. "Көппен көрген ұлы той" деп жүретін қазақтың жайбарақат тіршілігінде, жалқаулығында екен.

Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік.              

Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.

Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,

Алалық алтыбақан дертпен кірдік, — дейді ақын. Сол арқылы елді бірлікке, ынтымақты, берекелі іс-әрекетке шақырады.

Осы тәрізді тарихи, әлеуметтік шындықты мейлінше дәл бейнелеп берген шығарма — ақынның "Жиған-терген" деп аталатын өлең. Өлең жазылу формасы Абайдың әйгілі "Сегіз аяқ" туындысының үлгісінде. Ішкі мазмұны, сыншыл сипаты жағынан да Абай жырымен тікелей үндесіп жатыр.

Өлеңде қазақ өмірінің бұдан бұрынғы кезеңдерін еске ала келіп, ақын өз заманы мен замандастарының жай-күйін ашына баяндайды. Сергек ойлы ақынның сол сәтте көз алдына тұрған тарихи сурет мынадай болатын:

Ұйқышыл жұртты

Түксиген мұртты

Обыр обыр, сорып тұр.

Түн етіп күнін,

Көрсетпей мінін,

Оятқызбай қорып тұр.

Обыр болса қамқорың,

Қайнағаны сол сорың!

Сол заманның дәлме-дәл көрінісі! Ақынның "ұйқышыл жұрты" — қалың ел, сахараны жайлаған қазақ жұрты, ал "түксиген мұртты обыры" — патша өкіметінің, соның сойылып соғып, саясатын жүргізіп отырған орыс отаршылдарының образды бейнесі. Көз алдындағы ащы шындықты ақын дәл осындай ащы да уытты сөздермен өрнектейді. Әлі де ұйқыдан арылмай отырған өз халқын ақын осынау озбырлыққа төзбеуге, ой-санасын оятьш, өзінің, ертеңгі ұрпактарының болашағы үшін күресуге шақырады. Қиындықтан шығатын жол сол ғана!

Қазағым, елім,

Қайқиып белің,

Сынуға тұр таянып.                    

Талауда малың,                         

Қанауда жаның,                          

Аш көзіңді ояньш.                            

Қанған жоқ па әлі ұйқың,                   

Ұйықтайтын бар не сиқың! — деп ашына жырлаған жақсы күндерге жетелеу болды.

Мұндай ағартушылық, демократтық ойлар, ұлт болашағына айрықша жанашырлық таныту, Абай дәстүрінің үлгісіндегі сыншылдық сипаттар ақынның "Маса" жинағына енген барлық өлеңдеріне тән деуге болады. Сонымен қатар, Ахмет өлеңдерінің көркемдік бояуы қалың. Оларда бейнелі тенеулер, образды тіркестер, әсем сөз айшықтары аса мол кездеседі.

Тұтастай алғанда, ақынның өлеңдері — ежелден келе жатқан қазақ поэзиясының ұлы дәстүрлерін, Абай бастаған реалистік, шыншыл сипаттағы ағартушылық, демократтық әдебиет үлгілерін жаңа тарихи кезеңде жаңарта жалғастырып, жаңаша дамытқан идеялық, көркемдік деңгейі биік туындылар.

Мысалдары. Ахмет Байтұрсыновтың қаламынан туған мысалдар негізінде аударма түрінде. "Қырық мысал" жинағы түгелдей орыс мысалдарының, оның ішінде И. Крылов шығармаларының аудармасы болып келеді. Бұл кезеңде қазақ әдебиетіне көркем аудармаға деген талпыныс күшті болды.

XX ғасырдың басындағы әлеумет жағдайы, ағартушылық, демократтық ой-пиғыл ауаны аударма туындылар, оның ішінде аударма мысалдар арқылы жаңаша серпіліс тудыруға, бұқараны алға жетелеуге болатынын ұқтырды. Бұл салада бірқатар тәжірибе де қалыптасты. Абай, Ыбырайлар негізін салған игі дәстүр жалғасын тапты.

Ахмет Байтұрсыновтың "Қырық мысал" жинағы да, міне, осы дәстүр үлгісінде туды. Жинаққа қырық мысалдың аудармасы енді. Олардың тақырыбы әр алуан. Оларда көшпілікке ұғымды идея қазақ тұрмысына етене таныс суреттермен ұласа келіп, тамаша ғибратты ойлар ұсынады. Атап айтқанда, "Аққу, шортан hәм шаян", "Қарға мен түлкі", "Қасқыр мен қозы", "Қартайған арыстан", "Айна мен маймыл", т.б. өзге аудармашылар арқылы бізге бұрын да таныс шығармалардың өзі жаңаша мазмұнда көрінеді.

"Аққу, шортан һәм шаян" мысалында бір затты үшеуі үш жаққа тартып, орнынан қозғай алмаған аққу, шортан, шаянның әрекеті баяндалады.                               

Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн.  Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін.             

Тартады Аққу—көлге, Шаян—кейін. Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін, — деп басталатын мысалдың өне бойынан аудармашы ақынның шеберлігі анық сезіледі. Аудармада мін жоқ. Аударма емес, қазақтың төл тұрмысынан алынып жазылған өз өлеңі тәрізді. Мысалдың соңынан Ахмет Байтұрсынов оқырманына осы оқиғадан шығатын өз қорытындысын ұсынады.                                                                      

 Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,              

 Әуелі бірлік керек болса жолдас.

 Бірінің   айтқаныңа бірің көнбей,

 Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.

 Ақынның өз жанынан қосқан бұл түйінді ойы көпшілікке түсінікті әрі нақты ғибрат береді.

 Ахмет Байтұрсыновтың орыс мысалдарын аударудағы негізгі ерекшелігі осында. Яғни ол орыс тұрмысынан алынған оқиғалардың өзін қазақ тіршілігіне соншалықты жақындатуға тырысады. Және сонымен бірге әрбір мысалдың соңында авторлық қорытындысын беріп отырады.

Ғибратты ойларға жетелейтін "Ала қойлар", "Қартайған арыстан", "Үлес", "Өгіз бен бақа", "Қайыршы мен Қыдыр", "Ат пен есек" сияқты көптеген мысалдарда қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды көрсететін оқиғалар, сол кезеңдегі адамдардың психологиясы мен жайлар, өнегелі тұжырымдар аса мол. Аудармашы тұпнұсқа оқиғасының баяндалу сипатына көркем ой мен әдемі сурет қосып, автор пікірін жандандыра түседі. Өз жанынан оңтайлы детальдар қосады. Неғұрлым қазақ оқырманына түсінікті болуын көздейді.

"Қартайған арыстан" мысалында әбден қартайып, бойынан әл-қуаты кеткен кешегі аң патшасының есектен қорлық көрген жайын суреттей келіп аудармашы:

Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,

Келе алмас жаман батыл маңайыңа.                         

Басыңнан бақыт құсы ұшқан күні      

        Құл-құтан басынады малайың да, — деген таза қазақи ғибрат ұсынады.

Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың қаламынан туған аударма мысалдардың тақырыбы мен кейіпкерлері сан алуан болғанымен, аудармашының оларды аударудағы мақсаты біреу-ақ. Ол — халыққа ғибратты ойлар, нақты насихат айту. Адамдарды адамгершілікке, ынтымақ-бірлікке, жаман әдеттерден арылуға шақыру.

Сайт управляется системой uCoz