ЖҰБАН МОЛДАҒАЛИЕВ

(1920—1988)

 Жұбан Молдағалиев 1920 жылы Батыс Қазақстан облысында Сайқұдық деген жерде туған. Мектептен кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқыған.

1940—1947 жылға дейін әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскерден оралғаннан кейін түрлі қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысады. "Жас алаш", "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз" журналы редакцияларында жұмыс істейді.

Тұңғыш жинағы "Жеңіс жырлары" деген атпен 1949 жылы жарық көреді. Адуынды жырларымен ұлттық әдебиет әлемінде тез танылады.

Жұбан — өзінің атақты "Мен — қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол — Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы "Жеңіс жырлары" кітабында анық байқалады.

Ж. Молдағалиев туған жері — Жайық бойы жайлы әдемі жырлар қалдырды. Ал 1914 жылы жазылған "Сағындым, Жайық" өлеңінде ақын өзінің суреткерлігімен көрінеді.

Сағындым сені, Жайық, алма бақты,

Өткізгем өз бойыңда жастық шақты.

Сүюші ем төңкерілген толқыныңды,

Солқылдап соғып жатқан жарқабақты.

Суына қармақ салып, ілгем талай,

Күмістей жалтыраған ақ шабақты!

Мұнда ақын туған, өскен жерге деген сағыныш сезімін өзен, толқын, "күмістей ақ балық", т.б. нақты дәл берілген суреттер арқылы оқырманның көз алдына келтіреді. Жайықтың әсем көрінісі өрнектеледі.

Алғашқы жырларынан-ақ Жұбан жалаң ұраншылдыққа берілмей, адамның шынайы көңіл күйін, сезімін қоршаған ортаның шындығымен астастыра жырлайды. "Алматы тау өзені" өлеңінде:

...Тау текедей бір ұсталмай

Тастан-тасқа атылды.

Темір тиген хрустальдай                                                 

Шытынайды, уатылады, — деген жолдарда ақын толқындардың шатынауын естіртеді, өзен ағысының күштілігі көз алдымызға келеді. Өлеңнің әсерлілігі, өлең ерекшелігі келесі шумақта бір-бірімен байланыста жымдаса түседі.

...Тау бұйырса, сыз бұйырса,                                     

Желе  жортар желі даяр,

Кұз құласа, мұз құйылса,           

Сең-сең тасы, селі даяр... —   деп, ақын тау өзенінің жан-жақты тағы бір қыр-сырын аша түседі.

"Қазақ тілі" өлеңінде алдымен халқымыздың көне дәуірден бергі тарихына үңіле келіп:

...Жерленген әсем қалалар,

Мүжілген, шөккен

Таулар да

Шұбарлап түзді.

Алалап

Шеру сап өткен жаулар да...

Жау тисе сырттан өріске,

Салыпты бүлік бәрі іште,

Пана да түскен бөліске,

Ана да түскен бөліске... — деген жолдарда ауыр тауқымет, жау ойраны, азап тартып бәрін көтерген, басынан кешірген ана мен жер, іштегі бүлік, бөліске түскен мал мен жай тағдырына үңілдіре түседі. Осындай қиын кезеңді басынан өткізген бүкіл халық тағдырына ортақтаса түсеміз; келесі шумақтар оқырманды өзіне тарта түседі...                      

 

...Бүтіндік, бірлік                                  

Ерсі боп,                                   

Жақында мал-жан енші боп.                       

Тіліміз ғана тұрьш та                                 

Емші боп әрі елші боп.                      

Сол ғана қалған бөлінбей                   

Бөліске түсер кезде ондай

Сол ғана қалған бөлінбей—            

Жүректей, Күндей, Ождандай ... — деп, жау ойранында бөліске түспей, қадір-қасиетін сақтап қалған тіліміз ғана болғанына еріксіз куанасың. Ана тілінің құдіретін танытуда ақынның ең алдымен қиын асуларды суреттеуінде үлкен мән жатқанын байқауға болады. Қандай қиыншылықта да тілдің сақталуы өз оқушысын ойландырмай қоймайды.

"Бокс заңы бойынша" өлеңінде ақын алдымен оқырман назарын бокс заңына аударып, өмірдегі кездесетін күншілдікті, нағыз талантты көре алмаушылықты сынап, әшкерелейді.                                                              

Жекпе-жек — заңы бокстың

Бірге — жүз қарсы тұру жоқ.

Желкеден періп оқыста,

Кіндіктен төмен ұру жоқ...

.... Тұрмыста, әттең, қарсы жақ

 Бетпе-бет келе бермейді — деп өкініш білдіре отырып:

 

Жүгінсін бокс заңына,

Ар-ұят деген сотты ұқсын,- деген жолдар арқылы адамдыққа, адамгершілікке үндейді. Өлең көпшіліктің көкейіндегісін тап басуымен әсерлі.

Жұбан Молдағалиев өзінің кейбір лирикалық өлеңдерінде: "Аққу", "Махаббатты жырласаң", "Аққуым аспанда емес, жер бетінде", "Көзімде қалды суретің", т.б. сияқты жырларында адамды сүю, бағалау, жар сүю, ана махаббатын аялау, Отан сүю сезімдерін сабақтастыра жырлайды. Мәселен, "Махаббат ерлігі" атты өлеңінде махаббаттың құдіретті күші нені болса да жеңетінін паш етеді, екі мүгедектің (соқыр мен ақсақ) бірін-бірі демеп, сүйеп жүріп өнер көрсетуі өмір мен тіршіліктің өлмес күші екенін танытады.

Ақын "Мен қазақ әйеліне қайран қалам" деген белгілі өлеңінде, тарихтың тәлкегіне көне жүріп, небір қиыншылықты басынан өткізсе де аналық бейнесін сақтаған әйелді ақын дүниенің бар салмағын көтерген жермен теңестіреді.

Қай өлеңінде болмасын, даланың табиғатын да ол адамдық сезіммен қабылдайды. Оны қимас адамы — анаға балайды:

...Мен үшін қазақ жерінің

 Жаманы мен жаты жоқ.

Мен үшін қазақ жерінің

Анадан өзге аты жоқ.

Ақын табиғатты қорғау, сақтай білуге үндеген көптеген өлеңдер жазды. Мәселен:                                                         

...Табиғат — аңға да ана, маған да ана,

Қорғаныш бола білсе — далам дана, — деп, табиғатты анаға теңеуінде үлкен ой жатқанын көреміз. "Жалғыз ағаш" атты өлеңінде:

Әрине, ел көшсе де, жұрт қалады,

Жол салты жолаушыны құтқарады.

Көмулі тал түбінде торсық қымыз,        

Шөл емі — бірер дорба кұрт қалады, — деп суреттейді. Мұнда барынша анық, түсінікті, барынша қарапайым жолдардағы шөл, құлазыған даланы мекен етіп өскендер, сол далада жол көшкендер бұл суретті айнымай таниды. Ақын мұнда дала үшін жалғыз ағаштың көрікті екендігін аша түседі. Сондай-ақ салт-дәстүр бойынша жолаушыға деп жанашыр, сезімтал қазақ халкының ағаш түбіне сақтаған сусын, ас-дәмі оның адамгершілік, адам сүйгіштік қасиетін асқақтата түседі. Осыдан келіп, жалпы қазақтың жомарттығы, қонақжайлылығы біртіндеп толыға түседі. Ақын "біз жомарт, дарқан елміз" деп құр айғайлап айтпай, нәзік суреттейді. Өзіндік үнін танытады.

Ал "Жер — глобус" өлеңінде айрықша ештеңе жоқ сияқты көрінгенімен, лирикалық кейіпкердің бала кезінде мұғалімнен жердің глобус сияқты екенін, оны сақтау керектігін естігеніне шегініс жасай отырып, оны даралай түседі:                                                                             

Жер емес, мұғалімнің басы маған,

Бір қызық глобус боп елестейтін... — деген өзіндік ой-түйіндерімен көзге түседі. Өлең соңында кейіпкер есейеді, өзіндік көзқарасын саралай бар халықтарға тіл қатқан ақын үнін, даусын тыңдағандай боламыз.

— Жер — өмір. Адам сонда бағын сынар,                        

Алыссаң, жерді қорғап алысыңдар.                                  

Адамдар, глобусқа сақ болыңдар!

Адамдар, таласпаңдар, табысыңдар! — деп, ақын кейіпкері жеке өмірін бар халықтар тағдырымен шебер ұштастыра білген. Бүкіл адамзатты бірлікке, тыныштыққа шақырады, оқушысына ой тастайды. Мұнда тұтастай бір кесек образды, суретті жеткізуге арналғаны анық байқалады.

"Ғашық көзбен" атты лирикалық кітабы үшін Ж.Молдағалиевқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Поэзиядағы ең негізгі қасиет — сөз тығыздығы, ой қалыңдығы, сыйымдылығы, айқындылығы болса, мұнда ақын шеберлігі біртіндеп таныла түседі. Ақын өлеңдерінде жалтыраған сөз қатары емес, әр сөз өзіндік мағына арқылы көрінеді:

Ризамыз бүгінге, біз кешеге,                            

Бір ғұмырды таныттық бірнешеге,                 

Не тілесе туған ел — сол болдық біз.   

Бірде семсер, бірде орақ, бірде шеге.                

Осы шумақта бейбітшілік егінін, жемісін егу, "шеге" арқылы құрылыстағы еңбекті дәріптеу — бәрі үйлесе келіп, туған елге деген ақын сүйіспеншілігін таныта түседі.

"Тірілерге тіл қату монологы" жаралы жауынгердің өлім алдындағы жан сырын жеткізуге арналған. Соғыстың, арпалыстың, азаптың ортасында от оранып жатқан жауынгердің тіршілікке, жарық дүниеге құштарлығы оқушыны бей-жай қалдырмайды. Ажалмен арпалысқан жанға шипа болған, тыныс берген, асыл сезімді, махаббатты паш етеді. Бұл пенделік емес, адамзаттық асыл сезім, үзілген өмір қосқан сезім екенін айқындай түседі.

Көптеген лирикалық өлеңдер жазған ақынның эпикалық талантының да жоғары екенін көреміз. Ол жазған поэмалар стильдік, жанрлық үлгілері жағынан әр түрлі және қазақтың эпикалық поэзиясын биікке көтеріп, жаңа сапамен байытқан туындылар болды. Алғашқы поэмаларында — "Нұрлы жол", "Қызыл галстук", "Қиял қанатында" — ақын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, еңбекке баулудың проблемаларын көтерді. Балалардың келешегі үшін, олардың болашағы әрқашан күн тәртібінен түспейтіні кімді болса да толғантар мәселе екенін ақын айқын, дәл суреттей отырып, жастарға үлкен сеніммен қарайды. Заман, дәуір шындығын шебер суреттеуде ақын жеткен табыстар аз емес.

"Жыр туралы жыр" (1956) поэмасында ол эпикалық талантын көрсетуде жаңа қырынан таныла түседі. Мұса Жәлел өмірі қатты толқытқан ақын ерліктің сыры мен өмір шындығы жайлы сыр толғай білді. Батырдың бейнесін жан-жақты ашуда сезімталдығы, сыршылдығы адам ерлігі мен елге, жерге деген сүйіспеншілігімен астаса жырланады. Мұса Жәлел жырының рухын биікке көтеріп, асқақтата түседі.

Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы — "Мен — қазақпын" поэмасы (1964). Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.

Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде табыстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен — қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма сыйдырам даланы мен.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген

Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен, — деген өлең жолдарынан-ақ ақынның қазақтық азаматтық, патриоттық намысын бірден танимыз. Өзінің "қазақ" екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз.

Бұл поэмада ақын қазақ халқының басынан кешірген небір қиын кезеңдерді суреттейді.

Ақын қазақ халқының сан ғасыр бойында ауыр азаппен өткен тағдырын еске түсіреді. Қазақ елінің талай шапқыншылыққа ұшырағанын, бірақ халық бәріне төтеп, беріп, өзін қорғай білгенін, елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын мақтана, асқақтата жырына қосады.

...Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,

Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.

Сансыз басты диюдай сан тіріліп,                                

"Мен — қазақпын" дегенді айта тұрдым, —  деп, оқырманды жігерлендіре түседі. Ерлік, қарсылық, күш, қуатты жырға қосып, "құласа да қайта тұрьш" өзінің қазақ екенін тағы да жүрек жара, жан даусымен қуана, шаттана жеткізеді. Енді бірде қазақтың ән-күйінің құдіретін өзгеше бір үнмен суреттейді:

....Күй емес пе, ботасыз нар идірген?                                 

Ән емес пе, аққудай жар ілдірген?

Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?

Олар барда қалайша тарылды іргем? — деп, қазақ халқының ән-күйі мен жырының өзіндік ерекшелігін, даралығын паш етіп, мұндай өнері бар халықтың ешқашан мойымайтынына үлкен сенім артады. Поэманың келесі бір шумағында ақын:

Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,

Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.

Кең далаңда керіліп, атыңды атап,

Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді... — деп, қазақ халқына жаңа заманға сай болуға, еркіндікті, елдікті, бірлікті сақтауға үндейді. Елі үшін құрбан болған Әлия, Мәншүк, Төлегендерді жырына қосып, олардың ерлігін, олар бастаған жол, халық бақытының түп қазығы болғанын суреттей отырып, олардың ісін жалғастырушы бүгінгі ұрпақ екенін мақтан ете жырлайды. Мерейі өскен бүгінгі бақытты халқымыздың қуанышы жыр боп төгіледі. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, осы азаттық жолындағы "мың өліп, мың тірілген" кездерді еске алғанда ақын арманы поэма шумақтарынан анық байқалады.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті,

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең.

"Қазақ болу — зор бақыт" дер күн тіпті... — деген өлең жолдары бүгінгі "егемендікті" жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді. Сондықтан да ол ақынша желпіне, көңіл күйдің ырқына беріле жырлайды. Енді бірде ақын:

Мен — казақпын қаныммен, сүйегіммен.

Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен, —

... Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып.

Қазақстан гербі де, жалауы да, — деп шаттанады, қазақ елінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдей түседі. Ақын өз жырының елі үшін ешқашан таусылмайтынына ерекше қуанады.

Мен — казақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске —

Айта бергім келеді, айта бергім, — деген өлең жолдары бүгінгі күн үшін айтылғандай сезіліп, ақындық даңқын көтере түседі.

Жұбан Молдағалиев өмір шындығының әр саласына терең үңіле отырып, жетпісінші жылдары "Қыран дала", "Сел", "Байқоңыр баспалдақтары" атты поэмалар жазды. Мұнда жаңа деректерге сүйенген ақын, заман шындығын, адамдардың ерлік істерін суреттейді. Халықтың бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігін айқындап, тарихи салыстырулар арқылы өткен өмір және болашақ жайлы толғаныстарын, өз ойларын толық ашып көрсетеді. Эпикалык поэма үлгісін жалғастырып, толықтыра түскен ақынның қай поэмасы болмасын, қызық сюжетті, оқиғалы больш келеді.

Ж. Молдағалиевтің поэмалары бүкіл одақ көлеміндегі үздік еңбектердің қатарында бағаланып, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық мінезі, сипаты терең ашылып бейнеленді.

 


Аймауытов Жүсіпбек             Аманжолов Қасым             Әуезов Мұхтар  

Байтұрсынов Ахмет                 Дулатұлы Міржақып        Есенберлин Ілияс  

Жұмабаев Мағжан                    Жансүгіров Ілияс               Майлин Бейімбет

Молдағалиев Жұбан                    Мұқанов Сәбит                   Мүсірепов Ғабит

Мұстафин Ғабиден                      Сейфуллин Сәкен            Торайғыров Сұлтанмахмұт         

Сайт управляется системой uCoz