ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ

(1894-1938)

Ілияс Жансүгіров - қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі  туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.

Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу - 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігерлілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыртөбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға - қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.

Өмірбаяны. Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсастырады. Айтты-айтпады, екеуінің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр-талайында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар. Бәйгенің алдын бермейтін қас жүйріктерге ғана тән намыскерлікпен жанын сала зымырап бара жатқан Көктұйғынды омыраулап, кең тыныспен жүйткіп келе жатқан Құла пырақ межелі жер -Жыландысайға еңкейісте, үстіндегі баланың тізгінін босатып, тақымын сәл қымтып қалуы мұң екен, жұлдыздай аға жөнеледі. Сол сәтте қалтарыстан тап берген қарақшы кер құланы маңдайдан айбалтамен періп өтеді де, қайран тұлпар қара жер қақ айырылғандай гүрс етіп құлап қала береді. Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде арындап алға шыққан шағында Ілияс та тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, мұрттай ұшты. Әйтсе де әмбебап дарын айналасы 10 жылда проза мен драматургияда, әсіресе поэзияда әдебиетіміздің алтын қорына жататын айтулы туындылар беріп, артына аса мол көркем мұра қалдырды.

Болашақ ақын жерінің бетін жеті өзені өрнектеп, заңғар таулары көкке сұғынған көркем өлкенің әсем бір өңірі -бұрынғы Қапал уезіндегі ағынды Ақсу бойында 1894 жылы дүниеге келген. Анасынан ерте жетім қалған Ілияс әке бауырында тәрбиеленген. Әкесі Жансүгір арабша жақсы сауатты, үйінде көнелі-жаңалы кітаптарды жинап, оқып отыратын, өлең-дастандарды, арғы-бергінің неше алуан қызық әңгімелерін көп білетін кісі болыпты. Оның үстіне домбырашы, ісмер, ұста екен. Баласына да өнерінің бәрін үйретіп, әке орнына — әке, шеше орнына — шеше болып, аялап, әлпештеп өсірген.

Ілияс алғашында әкесінің үйретуімен хат таниды, сонан соң ауыл молдасының алдын көріп, медресе үлгісіндегі мектепте де оқиды. Бұдан кейін біраз жыл ауылда тұрып, үй шаруасымен айналысады. Қара танысымен, кітапқа құмартқан Ілиясқа үлкен кісілер қиссалар оқытып, баталарын береді екен. Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық,  далалық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Тұтқыр зерделі, тумысынан өнерге бейім, зерек жас өспірім домбыра тартып, ән үйреніп, алдымен жаттап, соңынан жанынан шығарып, өлең айтатын болады. Келе-келе, бір өңірдің "жарып той бастап, таңдап әріптес алып" айтысатын, "түнгі тойды таңға таратпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан" өлеңшісіне айналады. Сол шамада өлең де жаза бастайды. Бұл кезді талапкер ақынның елдің тарихын, өткен-кеткеннің қызықты хикаяларын, көне әдебиеті мен салт-дәстүрін біліп, халық тілінің байлығын

меңгерген, яғни "ауыл академиясында оқыған жылдары десе де болады. Қазақтың байырғы әдебиетімен, қисса, аңыз түрінде қазақшаланып жеткен Шығыс әдебиетімен ғана таныс Ілияс 22 жасында Абай өлеңдерін оқып, қайран қалады. "Оған дейінгі көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай, қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзімде бір түрлі сергектік, сілкініс болды, жүрегім де жаңалық сезгендей" деп жазады Ілияс "Қысқаша өмірбаянында". Ол енді данышпан ақын жинағын қолынан тастамай оқиды, жаттап та алады. Мұның бәрі ақындық талпынысына игі әсерін тигізеді, оның өзіне тән суретті тілі, арындата, нөсерлете жазатын стилі айқындала бастайды.

Талабына оқуының аздығы қол байлау болатынын сезінген Ілияс 26 жасында Алматыға келіп, қысқа мерзімді мұғалімдер курсын бітіреді. Одан кейін Ташкентке барып, онда Қазақ ағарту институты жанындағы курста жарты жылдай оқиды. Осы екі қалада шығып тұратын мерзімді басылымдарда өлеңдері жарияланады. Бірақ денсаулығына байланысты көп ұзамай еліне оралып, алдымен мұғалім, одан кейін облыстық, губерниялық мекемелерде, "Тілші" газетінде істейді. Қолы бос кезде бас алмай кітап оқып, өзін тебіренткен жайттарды өлең етіп жазады. Алғашқы өлеңдері "Тілші", "Кедей еркі", "Лениншіл жас" газеттерінде, "Жаңа мектеп", "Әйел теңдігі" журналдарында жарияланады.

І.Жансүгіров 1926-1928 жылдары Мәскеудегі журналистика институтында оқып, қоғамдық ғылымдар саласынан терең білім алады. Ақыл-ойы толысқан, өмір тәжірибесі мол, талантты жігіт, әйгілі ғалымдардың дәрісіне өздігінен оқуы қосылып, тез кемелденеді. Әсіресе, орыс және Еуропа әдебиетінің классикалық туындыларын құмарта әрі талдап оқиды. Институттың соңғы курсында оқып жүргенде - 1928 жылы "Сағанақ" атты тұңғыш жинағы жарық көреді. Елге оралған соң, ол республикадағы аға газет -"Еңбекші Қазақта", 1934-1935 жылдары Казақстан көркем әдебиет баспасында жауапты қызметтер атқарады. 1934 жылы КСРО Жазушыларының  I съезіне делегат болып қатысып, сөз сөйлейді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып істейді. Ақынның М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолына игілікті әсер етеді.

 Тұнғыш кітабы шыққаннан жазықсыз жазаға ұшырағанға дейінгі 10 жылға жетер-жетпес аралықта Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетін "Жолдастар" атты пьесаларымен байытады, әсіресе, поэзияда көптеген әсерлі өлеңдері мен "Жетісу суреттері", "Гималай" атты керемет көркем жыр-толғауларына қоса, артынан "Дала", "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық поэмалар беріп, ақындық шыңына көтерілді.

Көзі тірісінде ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшырады.

"Күйші" поэмасы  


Аймауытов Жүсіпбек             Аманжолов Қасым             Әуезов Мұхтар  

Байтұрсынов Ахмет                 Дулатұлы Міржақып        Есенберлин Ілияс  

Жұмабаев Мағжан                    Жансүгіров Ілияс               Майлин Бейімбет

Молдағалиев Жұбан                    Мұқанов Сәбит                   Мүсірепов Ғабит

Мұстафин Ғабиден                      Сейфуллин Сәкен            Торайғыров Сұлтанмахмұт         

Сайт управляется системой uCoz